Ресейлік ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы Александр Поветкин поляк Анджее Вавжиктен басым түсіп, WBA (Бүкіләлемдік бокс федерациясының) тұжырымы бойынша "қатардағы" чемпион атағын сақтап қалды.
Жекпе-жек Мәскеудегі "Крокус сити холлда" өтті. Поветкин Вавжикті кездесудің үшінші раундында-ақ нокаутқа жіберді.
Ресейліктің өзі болса, полякпен кездесуін "төртке" бағалайтынын айтты. "Маған бүгінгі кездесу оңайға соққан жоқ. Мен сондықтан да рингтегі ойыныма төрт деген баға қоя аламын",-дейді Поветкин.
Бокс мамандары Поветкин енді келесі кездесуін WBA тұжырымы бойынша "суперчемпион" саналатын Владимир Кличкомен өткізуі әбден мүмкін дейді. Поветкиннің менеджері Владимир Хрюнов та оны растап отыр. Ол тіпті жекпе-жек өтетін күнді де белгілеп қойыпты. Сонымен екі жақ келісімге келіп жатса, қос чемпион арасындағы кездесу 5 қазанда Мәскеуде өтпек.
Осы кездесуге байланысты Поветкин: "Біз бапкерлер қосынымен Кличкоға қарсы кездесуге дайындық мәселесін талқылайтын боламыз. Меніңше, дайындық мәселесіне жақсылап ден қоямыз. Бірнеше кезеңнен тұратын оның бір бөлігі тауда өтетін болады",-деді.
Айта кетейік, Поветкин кәсіпқой бокста әлі күнге дейін жеңіліс көрмей келеді. Ол осымен 26-жеңісіне жетті. Оның 18-сын нокаутпен ұтқан. Ал Вавжик болса бұл кездесуде өз мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Ол осыған дейін рингке 28 рет көтеріліп, барлығында да жеңіске жеткен болатын.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: rian.com.ua