Парижде өтіп жатқан “Мастерс” турниріне екінші айналымнан қосылған Томаш Бердых алғашқы сынақты сәтті өткізді. Әлемдік рейтингте алтыншы орынға жайғасқан 27 жастағы чех осы тізімде өзінен әлдеқайда төмен орналасқан италиялық құрдасы Андреас Сеппимен кездесті.
1 сағат 40 минутқа жалғасқан бәсекенің бірінші кезеңі, тай-брейкке ұласып, шешуші сәтте чех жеңісті жұлып кетті. Одан әрі тізгінді қолдан шығармаған әлемнің алтыншы ракеткасы Париждегі турнирдің келесі сатысына аяқ басты. Өз еліндегі додаға алтыншы нөмірмен келген Жо-Уилфрид Тсонга осы күні 30 жастағы отандасы Жюльен Беннетодан айласын асырды. Үш сетке созылған ойын нәтижесі 6:2, 4:6 және 7:6. Осы турдағы тағы бір матчта жапониялық теннисші Кеи Нисикори 7:6, 6:2 есебімен француз Бенуа Пэрден басым түсті. Басты сенсация деп бұл турнирде әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джоковичтің жарыс жолынан шығып қалуын айтуға болады. Серб жігіті Сэм Куэрримен үш сетқа ұласқан ойында 0:6, 7:6, 6:4 есебімен ұтылды.
Бүгін үшінші айналым барысында Жиль Симон - Кэй Нисикори, Кевин Андерсон - Томаш Бердых, Энди Маррей - Ежи Янович, Хуан Монако - Янко Типсаревич, Жо-Уилфрид Тсонга - Н.Альмагро, С.Вавринка - Давид Феррер, Х. Мартин Дел Потро - Микаэль Ллодра және де Милош Раонич - Сэм Куэрри жұптары күш сынасатын болады.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: eurosport.ru