Қазақстандық танымал паратаеквондошы Нышан Өмірәлінің неден қайтыс болғаны белгілі болды, – деп хабарлайды msports.kz cайты.
Жамбыл облысының полиция департаменті параспортшының жол апатынан қайтыс болғанын мәлімдеді.
2024 жылғы 1 қазанда сағат 22:15-те республикалық маңызы бар "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автожолының 542-шақырымында Nissan Maxima маркалы автокөліктің жүргізушісі Түркістан облысынан Тараз бағытына қарай жүріп бара жатып, жолда түйемен соқтығысқан.
Автокөлік салонында жүргізуші ғана болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ер адам алған дене жарақаттарынан Тараз қаласының №1 қалалық ауруханасына жеткізу кезінде қайтыс болды. Полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Жануардың иесін жауапкершілікке тарту мақсатында іздестіру жұмыстары жүргізілуде, – деп жауап берді полиция департаменті Tengri Sport сұрауына.
Нышан Өмірәлі – Тараз қаласының тумасы еді. 17 жасынан бастап спортпен айналысып, бүгінге дейін екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар Азия ойындарының және көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері. 2021 жылы Токиода, осы жазда Парижде өткен Паралимпиада ойындарына қатысты.
Параспортшының артында жары мен үш баласы қалды.