Бокстан Париждегі Олимпиада ойындарының чемпионы атанған өзбекстандық Асадхужа Муйдинхужаев Ташкенттің орталық көшелерінің бірінде шамадан артық жылдамдықпен көлік жүргізгені үшін айыпталды, - деп хабарлайды msports.kz сайты.
Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған спортшыға іздеу жарияланған. Gazeta.uz порталының мәліметінше, Муйдинхужаев президент сыйлаған Chevrolet Tahoe маркалы көлігін жүргізген. Жарияланған видеодан оның сағатына 110 шақырым жылдамдықпен жүргенін көруге болады, ал Өзбекстанда қала ішіндегі жылдамдық 60 км/сағат нормасынан аспауы керек.
Бұл жағдай боксшының жол қозғалысы ережелерін бұзғанын көрсетеді және оның бұл әрекеті ел ішінде кең талқылануда.
«Заң барлығына ортақ, әрбір қылмыс үшін жауапкершілік қарастырылған. Жақын арада көлік табылып, шаралар қолданылады, және бұл туралы біздің ресми арналарымыз арқылы көпшілікке хабарлаймыз», - деді УБДД ГУВД хатшысы Кахрамон Худойберганов.
Айта кетейік, Асадхужа Муйдинхужаев Парижде 71 килоға дейінгі салмақта чемпион атанды. Елге келгеннен кейін оған Chevrolet Tahoe көлігі, 200 мың АҚШ доллары мен 2 қабатты үй сый ретінде табысталды.