Мәскеуде өткен Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) кезекті конгресінде ұйымның президенті сайланды. Дауыс бері қорытындысы бойынша осыған дейін бұл қызметті уақытша атқарып келген өзбек Гафур Рахимов жеңіске жетті.
Президент сайлауына өзбек маманымен таласқа отандасымыз Серік Қонақбаев түскен еді. Сайлау қорытындысы бойынша қарсыласы басым дауысқа ие болды. 136 дауыстың 86-на ие болған.
Гафур Рахимов ұйымды 2022 жылға дейін басқарады. Дегенмен өзбекстандық азаматтың жұмысына Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) көңілі толмайды. Тіпті осы маман президент сайланса, боксты Олимпиада бағдарламасынан шығаратындары жайлы да ескерткен.
Сайлауда өзбекстандық азамат жеңіске жеткеннен кейін, бокстың болашағына спорт сарапшылары мен жанкүйерлер алаңдай бастады. Бокс 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына енбей қалуы мүмкін. Дегенмен ХОК ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Гафур Рахимов болса, бокстың Олимпиада бағдарламасында қалатынына сенімді сөйледі.
Айта кетейік, бастапқыда Азия бокс конфедерациясының басшысы Серік Қонақбаевқа сайлауға қатысуға рұқсат берілген жоқ. Лозаннадағы Спорттық арбитраждық сот (CAS) шешімі бойынша қатысуға мүмкіндік алған еді.