Дзюдодан Астанадағы әлем чемпионатында Қазақстанның жейдесін киіп татамиге шыққан Отгонцэцэг Галбадрах бірінші белдесуінде-ақ жеңіліс тапты. Жарысты екінші айналымнан бастаған спортшы кәріс Бо Куен Жонгқа екі шито ескертуімен есе жіберді.
Қазақстан Республикасының дзюдо федерациясы мен Моңғолия Республикасының дзюдо федерациясы арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум негізінде Отгонцэцэг Галбадрах еліміздің атынан халықаралық турнирлерге қатысатыны белгілі болған еді. Бүгін ұлттық құрамадағы бірінші белдесуіне шыққан спортшы екінші айналымда сүрініп, жүлдеден қағылды.
48 келіге дейінгі салмақта екінші бір спортшымыз да сәтті өнер көрсете алмады. Александра Подрядова екінші айналымда ресейлік Алиса Кузнецованы бір шито ескертумен жеңгенмен, үшінші айналымда украиналық Марина Черняктан ұтылып қалды.
Айта кетейік, бүгін ерлер арасында сынға түскен Рустам Ыбраев пен Елдос Сметов ерледі. Екі спортшымыз да жартылай финалға шықты. Рустам моңғол балуаны Ганбат Болдваатармен белдессе, Елдос жапон спортшысы Шишиме Торумен кездеседі.