1989 жылы France Football басылымы ХХ ғасырдың үздік футболшысын анықтап, "Супер Алтын доп" сыйлығын тағайындады.
Оған "Реал Мадрид" шабуылшысы Альфредо Ди Стефано, "Аякс" пен "Барселона" шабуылшысы Йохан Кройф, "Ювентус" шабуылшысы Мишель Платини үміткер болды. Сауалнама нәтижесінде үлкен басымдықпен Ди Стефано лайық деп танылып, жеңіп шықты.
Ди Стефано бұл сыйлыққа лайық болды ма?
Әбден лайық. Себебі ол 8 рет Испания чемпионатында, 5 рет Еуропа Чемпиондар кубогында, 2 рет Құрлықаралық кубокта, 1 рет Испания кубогында жеңіске жеткен. Сонымен бірге, 1957-59 жылдары 2 рет Кәрі құрлықтың ең үздік ойыншысы атанып, "Алтын допты" иеленген футболшы.
Айта кету керек, сол уақытта аталған сыйлық тек Еуропадағы ойыншылар үшін берілетін болғандықтан, бұдан атақтан Пеле мен Марадона шет қалған еді. Осындай кемшіліктер жанкүйерлер мен спорт мамандарының наразылығын тудыра бастады.
1999 жылы France Football орын алған дау-дамайды басу мақсатында, "Ғасырдың үздік футболшысы кім?" деген сауалнама өткізеді. Оған "Алтын доп" алған 34 футболшы, Пеле мен Марадона да енді. Сауалнама нәтижесінде 122 балмен Пеле (Марадона 65, Йохан Кройф 62, Ди Стефано 44, Мишель Платини 40 бал) жеңіске жетті.