Футболдан Шымкенттің «Ордабасы» клубының дәрігері Асқар Байжанов Қызылордада жергілікті жанкүйерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ажалдан аман алып қалды. Оқиға кеше өткен «Қайсар» мен «Ордабасы» ойынында орын алған.
Стадионға келген қызылордалық клубтың жанкүйері аптап ыстыққа шыдай алмай, есінен танып құлаған. Нәтижесінде «Ордабасы» клубының дәрігері бірінші болып алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жанкүйердің тілін жұтып қоймауына бар жағдайды жасаған. Кейіннен жанкүйер жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Дер кезінде жасалған медициналық көмек нәтижесінде қызылордалық клубтың жанкүйері аман қалған.
Айта кетейік, ел премьер-лигасының ХVI тур ойындары аясындағы «Қайсар» мен «Ордабасы» кездесуі 1:1 есебімен тең аяқталған болатын.