Пхенчханда өтіп жатқан ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары кезінде жапон шорт-трекшісі Кэй Сайтоның қан сынамасынан допинг табылды, - деп хабарлайды USA Today басылымы.
21 жастағы спортшы тыйым салынған қандай дәрумен пайдаланғаны белгісіз. Бүгін Жапония ұлттық Олимпиада комитеті арнайы баспасөз жиынын өткізіп, ресми хабарлама жасайтын болады.
Қазіргі уақытта Кэй Сайто жарыстардан шеттетілген. Спорттық төрешілер соты (CAS) хабарламасында спортшы қанынан диуретик табылғаны жазылған. Спортшы бұл шешімге келісіп, Олимпиада қалашығынан шығып үлгерген. Сондай-ақ Халықаралық конькишілер одағы (ISU) жарыстарынан да уақытша шеттетіліп отыр.
Кэй Сайто Жапония құрамасының 5000 метрлік эстафетадағы қосалқы спортшысы болған. Бұл жарыстың финалдық кезеңі 22 ақпанда өтеді. Ол қысқы Олимпиада ойындары кезінде допинг сынамасы сәтсіз шыққан алғашқы жапон спортшысы атанды.
Айта кетейік, Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындары 25 ақпанға дейін жалғасады.