"Олимпиакос" өз үйінде "Манчестерді" тізе бүктірді

Ла Лига Корреспондент
Ла Лига>
"Олимпиакос" өз үйінде "Манчестерді" тізе бүктірді

"Олимпиакос" өз үйінде "Манчестер Юнайтедті" қабылдаған болатын...

БӨЛІСУ

Футбол сүйер қауым жеребе тарту рәсімі аяқталысымен «Манчестер Юнайтедке» ең бір оңтайлы, ортаңқол команда түсті деп қуанған болатын.

Шын мәнінде олай емес болып шықты. Гректің футбол клубы құрлықаралық додада көп көзге түсе бермейтін. Жанкүйерлердің көпшілігі Мичел Гонсалестің командасы бірінші минуттардан қорғанысқа жамбастап жатып алады деп ойлады. Бірақ "Реалдың" бір уақыттағы жұлдызы, бүгінде көп үміт күттіретін жаттықтырушы өзін мүлдем басқа қырынан көрсетіп, өз тәлімгерлерін талас-тартысқа итеріп отырды.

Бірінші ойын бөлігінде манкуниандықтар бес-алты шабуыл жасап көрген-ді, дегенмен олардың барлығы еш қиындықсыз қайтарылып жатты. Сол уақытта гректерге шабуыл шебінде тапқырлық жетіспеді. Қысқасы, олар өз мүмкіндіктерін күтумен болды. 43-минутта "Олимпиакостың" шабуылына қорғаушы  Яннис Манниатис қосылып, алыстан соққы бағыттап көрмек болды. Соққының жөні түзу болмаса да,  сол бөлікте тұрған Алехандр Домингес аяғын сәтті қойып үлгерді. Давид де Хеа доп бағытында ұсталып қалып, өз қақпасына гол жіберіп алды. 

Үзілістен соң ойын көп өзгере қойған жоқ. Пирейліктер сәт сайын алға сенімді шығып отырды, арада 10 минут өтер-өтпесте "қызыл сойқандардың" қақпасынан екінші саңылау тапты.  Костарикалық Жоэль Кэмпбелл 23 метрден тамаша соққы бағыттаған болатын, де Хеа өз қақпасынан екінші рет доп алып шығуға мәжбүр болды. Осы сәтте ғана Дэвид Мойес істің насырға шапқанын түсінді. Көп ұзамай алаңға Синдзи Кагава мен Дэнни Уэлбек шықты. Қысқасы, «МЮ»-дің шабуыл шебі одан жақсара қойған жоқ. 

Ағылшындар соңғы он минуттықта ғана қарқынды шабуылдады. Тіпті, соғылған бір голдың өзі оларға көп мүмкіндік сыйлайтын-ды. Нидерландық шабуылшы 82-минутта оңтайлы мүмкіндіктен қақпаға доп соға алмай қалды. Манкуниандықтар толассыз шабуылдар ұйымдастырып көргенмен, пирейліктер тарапынан тоқтау салынып жатты. Қақпа күзетіндегі Роберто Хименеске бұл күні көп жұмыс бола қоймады. 

Енді қарсыластар «Олд Траффорд» төрінде 19 наурызда кездесетін болады. 

"Олимпиакос" (Пирей) – "Манчестер Юнайтед" (Манчестер) – 2:0 (1:0)

Голдар: Домингес 38’ – 1:0, Кэмпбелл 55’ – 2:0

"Олимпиакос": Роберто, Холебас, Манолас, Маркано, Маниатис, Н'Динга, Перес (Вальдес 85’), Леандро, Домингес (Машаду 76’), Кэмпбелл (Фустер 67’), Олайтан

Қосалқы құрам: Бонг, Медьери, Самарис, Пападопулос

"Манчестер Юнайтед": Де Хеа, Эвра, Фердинанд, Смоллинг, Видич, Кэррик, Янг, Клеверли (Уэлбек 60’), Валенсия (Кагава 60’), Руни, Ван Перси

Қосалқы құрам: Гиггз, Эрнандес, Феллайни, Бюттнер, Линдегор

Ескерту: Эвра 3’

Бас қазы: Рокки Джанлука.

25 ақпан. "Караискакис" стадионы (Пирей).

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: alayam.com