Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан бокстан 2020 жылғы Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінде жартылай финалдық кездесулер аяқталды.
Жарыс күні қазақстандық боксшылардың ішінен алғаш болып шаршы алаңға шыққан Закир Сафиуллин иорданиялық Обада Алкасбехті үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен жеңді.
Одан кейін 69 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда үнді боксшысы Викаш Киршанға есе жіберіп, қола жүлдені місе тұтты.
91 кило салмақта жартылай финалда Василий Левит иорданиялық Хусейн Лашайшпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.
Кешкі сессияда жеңіл салмақта (57 кило) Серік Теміржанов 2019 жылғы әлем чемпионы, өзбек боксшысы Миразизбек Мирзахалиловтан ұтылып қалды. Ал Әбілхан Аманқұл болса 75 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде финалға жетті.
Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов іріктеу кезеңінде мықтылығын дәлелдеп, 81 килода жергілікті боксшы Одаи Алхиндавиді жеңу арқылы финалға шықты.
Сондай-ақ кешкі сессияда шаршы алаңға шығу керек болған ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев білегін жарақаттап алған соң жарысты жалғастырудан бас тартты.
Естеріңізге сала кетейік, қазірдің өзінде Қазақстан құрамасының қоржынында сегіз Олимпиада жолдамасы бар. Серік Теміржанов, Закир Сафиуллин, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдаулетов, Василий Левит, Қамшыбек Қонқабаев және Надежда Рябец Токио Олимпиадасының лицензиясын иемденді.