Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров қызметке тағайындалды. Бұл туралы спортшының туысқан ағасы, белгілі әнші, эстрада жұлдызы Досымжан Таңатаров өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.
Балуан Тараздағы облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. Қызметі жайлы спортшының өзі де Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
- Аллаға шүкір алғашқы жұмыс күнім сәтті өтті. Құттықтап, қолдап жатқан аға-бауыр, жора-жолдас, ағайын туысқа мың алғыс. Халық қаһарманы Бауыржан атамыз айтқандай: "Ердің туы - намыс, ерлік - ердің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті", демекші, намысты, жүректі азаматтарды тәрбиелеуде аянбаймын. Ер бақыты елдің қасында болса, ел бақыты ерлер қолында болғандықтан, артылған сенімді ақтаймын, - деп жазды балуан.
Қыркүйек айында 32 жасқа толатын балуан спорттағы мансабын аяқтап, шәкірт тәрбиелеуге ден қоймақ. Ақжүрек Олимпиада ойындарынан бөлек, әлем чемпионатының қола жүлдегері (2017 ж) және Азия чемпионы (2017 ж). Талай халықаралық жарыстарда топ жарған. ҚР Еңбек спорт шебері. Құрмет орденінің иегері.
Балуанды қызметке келуімен құттықтаймыз! Деніне саулық, отбасына амандық, жұмысына табыс тілейміз!