Лондонда өткен Олимпиада ойындарының чемпионы AIBA мүшелерінің шешімі бойынша 2012 жылғы әлемнің үздік боксшысы атанды.
Халықаралық бокс федерациясы (AIBA) үстіміздегі жылдың қорытындысын жариялады. «2012 жылдың ерлер арасындағы үздік боксшы» номинациясы украинадық былғары қолғап шебері, Олимпиада ойындарының чемпионы - Александр Усикке (91 келі) бұйырды. Бұл туралы Украинаның ұлттық олимпиада комитеті хабарлайды. Ал 2010-2011 жылдары әлемнің үздік боксшысы болып қатарынан екі мәрте Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, украиндық былғары қолғап шебері Василий Ломаченко танылған болатын.
Ал әйелдер арасында үздік боксшы деп AIBA басшылары ирландиялық Кэти Тейлорды таныпты. Сонымен қатар бүгінгі таңда астаналық «Astana-Arlans» командасының намысын қорғап жүрген 26 жасар Сергей Деревянченко WSB тұжырымындағы ең мықты боксшы атанды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 7 желтоқсан күні Ереванда өтетін Жастар арасындағы Әлем біріншілігі аяқталған соң болады.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: sport.bigmir.net