Англияда беделді GB Boxing Awards Night марапатының табыстау рәсімі өтті. Оны Париждегі Олимпиада ойындары кезінде Өзбекстан құрамасының бас жаттықтырушысына алғаш болып көмек қолын созған дәрігерлер иеленді, - деп хабарлайды msports.kz.
Inside the Games басылымының мәліметінше, Париждегі Олимпиада кезінде жедел көмек көрсеткен дәрігерлер Робби Лиллис пен Хардж Сингх ерекше құрметке ие болды. Олар Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличевке жүрек талмасы кезінде жылдам көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалған болатын. Бұл оқиға жарыс кезіндегі жаттығу аймағында болған.
Тулкин Киличев марапаттау рәсімінде видео арқылы Робби мен Харджға шынайы алғысын білдірді:
"Өз атымнан, отбасымның және бүкіл Өзбекстан бокс қауымдастығының атынан Робби Лиллис пен Хардж Сингх мырзаларға құрмет пен жүрекжарды алғысымды білдіргім келеді. Олардың өз кәсібіне деген адалдығы шынайы құрметке лайық және мен олардың өзіме көрсеткен жанкешті көмегін әрдайым бағалап, ешқашан ұмытпаймын. Олар менің өмірімді сақтап қалды", - деп алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Париждегі Олимпиада ойындарында Өзбекстан құрамасы 5 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған болатын.