Олимпиада жолдамасы үшін таласатын боксшылар белгілі

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Айбар Рысдәулет>
Олимпиада жолдамасы үшін таласатын боксшылар белгілі
Фото ©️ AIBA

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Азия және Мұхит елдері олимпиадалық іріктеу турниріне қатысатын былғары қолғап шеберлерінің тізімін жариялады.

БӨЛІСУ

52 килода Қазақстан намысын 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов қорғайды. Серік Теміржанов 57 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Азия чемпионатының күміс жүлдегері Закир Сафиуллин 63 кило салмақта жолдамаға таласса, "қазақтың салмағында" Абылайхан Жүсіпов сынға түседі.

Әбілхан Аманқұл – 75 килода, ал әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов 81 килода ел намысын қорғайды. 91 килоға дейінгі салмақта тәжірибелі боксшы Василий Левит жарыс жолына шықса, Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта бақ сынайды.

– 2020 жылғы Олимпиада ойындарының жолдамасы үшін бара жатқан барлық жігіттер құраманың көшбасшы әрі мықты боксшылары саналады. Командамыз тәжірибелі. Кез келген спортшымыз жоғары нәтиже көрсетуге дайын.

Ұлттық құраманың бірнеше құрамы бар. Барлық жігіттердің деңгейлері шамалас. Болашағынан үміт күттіретін жас боксшыларымыз бар. Кімді таңдайтынымызды білмей соңына дейін құрамды өзгертіп отырдық. 

Әр боксшыны таңдауда өзіндік себебі бар. Әлемдік рейтинг, боксшылардың бабы, соңғы жарыстары мен нәтижелеріне қарап отырып жаттықтырушылар штабы осындай шешімге келді. 

Бұл жарыста кемінде алты, мүмкіндік болса барлық жолдаманы жеңіп алуға тырысамыз. Дегенмен бұдан кейін мамыр айында Парижде өтетін лицензиялық жарыста да жолдама ойнатылады, - дейді ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.

Естеріңізге сала кетейік, Азия және Мұхит елдері арасындағы лицензиялық жарыс Иорданияның Аммман қаласында 3-11 наурыз күндері өтеді. Жарысқа келген боксшылар Олимпиаданың 63 жолдамасы үшін шаршы алаңға шығады. Ерлерде 52, 57, 63 кило салмақ дәрежелерінде үздік нәтиже көрсеткен 6 боксшыдан, 69, 75 және 81 кило салмақта 5 боксшыдан жолдаманы жеңіп алуға мүмкіндік бар. Ал ауыр салмақтарда 4 жолдамадан ойнатылады.