Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов әлем чемпионатында жүлде алмады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов әлем чемпионатында жүлде алмады
Фото ©️ wfrk.kz

Қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов Түрікменстан елінің астанасы Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында жүлделі орынға ілікпеді. Қос жаттығу нәтижесі бойынша 8-орын алды.

БӨЛІСУ

2016 жылы Рио де Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында 77 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған. Ал Ашхабадта IWF ережесі бойынша өзгерген 73 келіге дейінгі салмақта бақ сынады.

Жұлқа көтеру жарысында Нижат Рахимов 147 келімен бар болғаны 13-орыннан көрінді. Ал серпе көтерудегі үздік көрсеткіші 190 келі болды. Үшінші мүмкіндігіне шығудан бас тартты. Қос жаттығу нәтижесінде 337 келімен 8-орынға тұрақтады.

Бұл салмақта қытайлық ауыр атлет Ши Чжиюн әлем рекордын орнатып, чемпион атанды.  Ол қос жаттығу бойынша 360 келіні (164+194) еңсерді. Күміс медальды "В" санатындағы спортшылар қатарында болған оңтүстік кореялық ауыр атлет Вон Джон Сик еншіледі. Оның нәтижесі 333 келі (153+195) болды. Қола медальды беларус Вадим Лихарад (156+187) иеленді.

Айта кетейік, Нижат Рахимов әлем чемпионатына Илья Ильинмен бірге дайындалды. Илья жарысқа қатысушылар тізіміне енгенмен, жарақатына байланысты қатыспайтыны жайлы айта кеткен болатын.

Ашхабадтағы әлем чемпионаты 1 қараша күні басталды. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 1 күміс медаль бар. Оны ерлер арасында 55 келіге дейінгі салмақта Арли Чонтей еншілеген еді. Ал Зульфия Чиншанло 5-орыннан көрінді. Сәуле Сәдуақасова 11-орынды місе тұтты.