Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни ауыратлеттер Алмас Өтешовтің, Жасұлан Қыдырбаевтың және Ермек Өміртайдың допинг дауына қатысты уақытша шеттетілуіне түсінік берді, − деп хабарлайды Vesti.kz.
Алексей Ни допинг-сынақтарының қорытындыларына күмәнданып отырғанын айтты. "Бұл жігіттер кешегі балалар емес, Қыдырбаев − әлем чемпионы, Өтешов жыл сайын күміс жүлдегер болады − әлем чемпионатында екі рет және Азиа ойындарында. Бұл спортшылардың деңгейі жоғары, біз оларды Хьюстондағы жарысқа алтын мен күміс медальдар алады деп дайындадық. Спортшыларымызды допингсіз және осындай даусыз дайындауға миымыз жетпей ме сонда? Логика болуы керек қой. Сонда Разимов пен Зайчиков неге ұсталмады? Біз бір командамыз, бірге дайындалдық, сондықтан сұрақ көп. Үштікке кіре алмаған қатардағы спортшылар ұсталды десе бір жөн, ал бұл жігіттер медаль алуға дайын, бұл нонсенс. Басшылықтың не шешетіні 28 желтоқсанда белгілі болады", − деді Алексей Ни басылымға берген сұхбатында.
Сонымен қатар бас бапкер бұдан қалай қорғану керектігін және қандай алдын алу шараларын жүргізу керек екендігін түсіндірді. Айтуынша, жігіттердің екінші сынағының қорытындысын жария ету қажет. Сөйтсек барлық сынама Америкада алынған, оларды федерация Монреаль зертханасына жіберген. "Жігіттер мұл бақылаудан әрдайым өтіп жүрді. Тіпті Қыдырбаевқа таңғы жетіде келіп, сынақ алып кеткен. Біз тіпті әлемдегі ең үздігі саналатын Кельн зертханасында тексерілдік. Монреальдағы зертхананы білмеймін, бірақ Кельн әлі күнге ең мықтысы болып саналады. Бұл мерседесті эконом классындағы көліктермен салыстыру сияқты", − деп түсіндірді Ни өз сөзін.
Нидың айтуынша, енді қол қусырып отырмау керек. Осыған байланысты ол Қазақстан ауыр атлетика федерациясының тарапынан белгілі бір қадамдар жасалуы керектігін айтып өтті. "(...) Адами факторды да есепке алу қажет әрі сынақ алатын мамандардың білімін қарау керек. Сондықтан мүмкіндігінше ресурстарды, заңдарды қолдануымыз қажет. (...) Қыдырбаев пен Өтешов − әлемдік деңгейдегі спортшылар. Жарты жылдан кейін олар Риода екі медаль алар еді. Ильин екі мәрте алтын медаль жеңіп алған категорияда өз орнымызды сақтап қалуымыз керек. Бұл миға да сыймайтын жағдай", − деді ол.
"Хьюстонды қойшы, бірақ Риода біз жеңісті қолдан бермес едік, медальдарды өзіміз алар едік. Сонда Олимпиадада ауыр атлетикадан алтын медаль алған тұңғыш қазақ болар еді. Ауыр атлетикадан Олимпиадада тарихында қазақ ешқашан алтын медаль алмаған. Қыдырбаев тұңғыш әлем чемпионы болды. (...) Күресте Үшкемпіров бар, бокста Олимпиада чемпиондары көп, бірақ штангада жоқ. Бізде алуға мүмкінді болған екі жұлдызымыз болған, бірақ ол кейінге қалдырылды, қашанға дейін қалдырылғаны да белгісіз", − деп қорытындылады Алексей Ни өз сөзін.
Еске салайық, кеше Қазақстандық үш бірдей ауыратлетке допинг қолданды деген күдік келді. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) қазақстандық тағы екі ауыратлет Алмас Өтешов пен Ермек Өміртайды допинг қолданды деген күдік туғаны үшін уақытша шеттетті. Ал Ауыр атлетикадан 2014 жылғы әлем чемпионы әрі 2015 жылғы қола жүлдегер Жасұлан Қыдырбаев допинг үшін өмір бойына дисквалификацияға ұшырауы мүмкін.
Дереккөз: tengrinews