Рио Олимпиадасының жеңімпаздары Дмитрий Баландин мен Нижат Рахимов Алматыда әскери ант қабылдады, - деп хабарлайды «vesti.kz» сайтының қазақ бөлімі.
Спортшылар маңызды шараға жіті дайындалған. Әскер қатарына жаңа қабылданған сарбаздар сап түзеуді және жүруді үйренген. Олимпиада чемпиондары ант қабылдау рәсімін өмірлеріндегі елеулі оқиғаға балады.
- Уайым болды, тіпті бір-екі сөзді ұмытып қалдым. Барлығы да мұндай сезімді бастан өткерген шығар. Бізді "Динамо" спорт қоғамынан шақыртты және тәртібіміз жеңілірек болады әрі спортпен шұғылдана аламыз, - деді Дмитрий Баландин.
Жүзуден Олимпиада чемпионының ант беру рәсімінде уайымы білініп тұрса, ауыратлет Нижат Рахимов бұдан да қатты уайымдаған. Ол әр сөзді нақты айтып, ерекше сезіммен қол қойғанын жеткізді.
- Әрбір ер адам борышын өтеуі керек, қорықпауы керек. Ұлттық ұланда қызмет етуді армандағанмын, - деді Рахимов.