Қазақстандық жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова "Гауһар лига" жарысының Цюрихтегі бірінші финалдық кезеңінде жеңімпаз атанды. Отандасымыз осы маусымда алғаш рет Юлимар Рохас пен Катрин Ибаргуэнді басып озды.
Цюрихтегі финалдық кезеңде Ольга Рыпаковадан бөлек, жақында ғана Лондонда әлем чемпионы атанған Юлимар Рохас (Венесуэла), Рио Олимпиадасының жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы Катрин Ибаргуэн (Колумбия), 2014 жылы жабық кешендегі әлем чемпионатының қола жүлдегері Кимберли Уильямс (Ямайка), 2016 жылғы Еуропа чемпионы Патрисия Мамона (Португалия), 2015 жылғы Еуропа ойындарының жеңімпазы Анна Князева-Миненко (Израиль), 23 жасқа дейінгі 2017 жылғы Еуропа чемпионы Елена-Андреа Пантуриу (Румыния) және Универсиада ойындарының жүлдегері Анна Ягачак (Польша) қатысты.
Ольга 14,55 метрге қарғып жарыс жеңімпазы атанды. 14,52 метрге секірген Юлимар Рохас (Венесуэла) күміс алса, Катрин Ибаргуэн (14,48 м) қола жүлдегер атанды.
Цюрихтегі доданың сыйақы қоры – 50 мың АҚШ доллары болатын. Осы бір жеңісі үшін отандасымыз осындай қомақты сыйақыға қол жеткізіп отыр.
Айта кетейік, осыған дейін Ольга Рыпакова Бирмингемдегі "Гауһар лига" мен Лондондағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған еді.
Цюрихтегі "Гауһар лиганың" ең үздік сәттері
24 тамыз. «Гауxар лига». Цюрих.
Үш қарғып секіру (әйелдер), финал:
1. Ольга Рыпакова (Қазақстан) – 14,55 м
2. Юлимар Рохас (Венесуэла) – 14,52 м
3. Катрин Ибаргуэн (Колумбия) – 14,48 м