Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова ресми түрде Бейжің Олимпидасының қола жүлдегері атанды. Бұл туралы Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығының (IAFF) сайтына сілтеме жасап, vesti.kz хабарлады.
IAFF ресми сайтындағы қазақстандық спортшының жеке профиліндегі ақпараттарға түзетілу енгізіліп, спортшыны 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері ретінде көрсеткен. Ал Халықаралық Олимпиада комитетінің сайтындағы мәліметтерге әлі түзетілу енгізілмеген.
Айта кетейік, Ольга Рыпакова аспан асты елінде өткен Олимпиадада төртінші орын алған болатын. Жақында сол додада қола жүлдегер атанған грек спортшысы Хрисопия Деветцидің допинг қолданғаны анықталып, қазақстандық спортшы үшінші орынды алатыны белгілі болған еді.
Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден Бейжіңнен кейін 2012 жылы Лондонда Олимпиада чемпионы, Риода қола жүлдегер атанған болатын. Сондай-ақ, отандасымыз үш Олимпиадада жүлде алған қазақстандық тұңғыш спортшы атанып отыр.