Қызылорданың «Қайсар» футбол клубының бас бапкері Дмитрий Огай алты ай алаңға шығу құқығынан айырылды. Мұндай шешімді ел футболының тәртіптік бақылау комитеті қабылдап отыр.
Қазақстан Республикасы кәсіби футбол лигасы ресми сайтының ақпараты бойынша, «кездесудің ресми тұлғасына физикалық қысым жасағаны үшін «Қайсар» командасының бас бапкері Дмитрий Огай алты айға жазаланды» делінген. Сонымен қатар, бапкерлерге арналған техникалық аймақтан шыққаны үшін 200 000 теңге айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетсек, ел премьер-лигасының ХVII тур ойындары аясындағы «Қайсар» мен «Ақтөбе» арасындағы кездесуде Дмитрий Огай мен бас қазы Игорь Алешин қақтығысып қалған болатын. Нәтижесінде қызылордалық клубтың бапкері алаңнан қуылған-ды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай