Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өтіп жатқан жазғы Универсиада ойындарында Қазақстан қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты. Таеквондошы Нұрсұлтан Мамаев қарсыластарының барлығын жеңіп, алтыннан алқа тақты.
58 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін отандасымыз финалда Ребело Браганканы 2:0 есебімен жеңді. Португалиялық спортшы жақында ғана Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен Еуропа ойындарында чемпион атанған болатын.
Нұрсұлтан Мамаев Қазақстан қоржынына төртінші алтын медальды салды. Осыған дейін Дмитрий Баландин 100 метрге брасс әдісімен жүзуде алдына жан салмаса, жеңіл атлет Виктория Зябкина екі дүркін Универсиада чемпионы атанған-ды. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 4 алтын, 4 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 11-ші орынға көтерілді. Универсиада ойындары 14 шілде күні аяқталады.