Сербиялық теннисші Новак Джокович «Үлкен Дулыға» санатына кіретін «Уимблдон» турнирінің финалында швейцариялық Роджер Федерерден айласын асырып, биылғы жылдың басты төрт турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізіп отыр.
Новак Джокович аталған турнирдің жеті дүркін чемпионы Федерерді бес сетте тізе бүктірді: 6:7 (7:9), 6:4, 7:6 (7:4), 5:7, 6:4. Матч үш сағат 56 минутқа созылды.
Соңғы рет 2011 жылы «Уимблдон» жеңімпазы атанған 27 жасар Джокович осы жеңісінің арқасында кәсіби теннисшілер қауымдастығының (АТР) әлемдік рейтингінде испандық Рафаэль Надальды басып озып, әлемнің бірінші ракеткасы да атанып отыр. 2011 жылы сербиялық финалда Рафаэль Надальды 6:4, 6:1, 1:6, 6:3 есебімен жеңген болатын.
Уимблдон турнирі немесе теннистен Ұлыбритания ашық біріншілігі – әлемдегі ең ескі және беделді жарыс саналады, сондай-ақ ол «Үлкен Дулыға» санатына кіретін төрт турнирдің бірі. Басқа үш турнирден айырмашылығы - теннисшілер шөп өскен кордта сынға түседі. Жарыс жыл сайын маусым айының соңында басталып, шілденің басына дейін екі апта бойы Лондонның Уимблдон жерінде өтеді.
Биылғы жылы әйелдер арасындағы сында жарыстың жеңімпазы болып чех теннисшісі Петра Квитова танылды.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: sport.bigmir.net