Ниджат Рахимов Хьюстонда әлем чемпионы атанды

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Ниджат Рахимов Хьюстонда әлем чемпионы атанды
Фото ©️ vk.com

Ауыр атлетикадан АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Ниджат Рахимов жеңіс тұғырынан көрінді.

БӨЛІСУ

77 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған қазақстандық спортшы жұлқа көтеруді 155 келіден бастап, 165 келіде аяқтады. Нәтижесінде төртінші орынды қанағат тұтты. Серпе көтеруде қытайлық Люй Сяоцзюнь 201 келіні үш мүмкіндігінде де пайдалана алмай, жарысты аяқтады. Ал қазақстандық ауыр атлет алдымен 195 келіні ырқына бағындырып, соңынан 207 келіні басынан асырды. Нәтижесінде қос жаттығу қорытындысы бойынша 372 келіні көтерген Неджат Рахимов әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ , серпе көтеруде кіші алтын медальға ие болды.

Әлем чемпионатының күміс жүлдесі Солтүстік Корея елінің спортшысы Ким Гван Сонға бұйырды. Ол да қос жаттығуда 372 келіні көтерген болатын. Алайда Неджат Рахимовтың салмағы қарсыласынан жеңіл болып шықты. Қола медаль мысырлық спортшыға бұйырды.

Бұл салмақта Айдар Қазов та бақ сынады. «В» тобында жарыс жолына шыққан отандасымыз 346 келіні бағындырып, жалпы есепте тоғызыншы орын алды.

Айта кетейік, Неджат Рахимов Қазақстан құрамасына Әзірбайжаннан келген легионер спортшы. Ол 2010 жылы аталған елдің туының астында жасөспірімдер Олимпиадасында чемпион атанған. 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екінші орын алса, Қазандағы Универсиадада жолы болмаған. Неджаттың Қазақстан құрамасы сапына қосылатыны туралы ақпарат алғаш рет 2014 жылы айтылған болатын.