Нидерландық бапкер қазақ балаларының қайратына таңғалды

Ербол Жұмабайұлы Корреспондент
Ербол Жұмабайұлы>
Нидерландық бапкер қазақ балаларының қайратына таңғалды

Алматы қаласында ашылған Халықаралық футбол академиясы іріктеу жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Апта басында нидерландық "Аякс"  академиясымен серіктестігін жасаған халықаралық футбол академиясы іріктеу жұмыстарын бастағандығын жариялаған едік. Төрт күнге созылған іріктеу өз мәресіне жетті. Осыған байланысты нидерландық және қазақстандық жаттықтырушылардан сұхбат алған едік.

БӨЛІСУ

Аталмыш академия ашылмай жатып, атағы жер жарып, "әп" дегеннен 600-ден асып, 700-ге тарта балғын футболшылар тілек білдірген еді. Ұйымдастырушылар, ешқайсының түсіне қарап шеткері теппей, бәріне де бағын сынауға мүмкіндік берілді. Жан-жақтан ағылған балалар жасыл алаңда жанын салып, бар өнерін көрсетті. Әрине, "бес саусақ бірдей болмайды" демекші, біреуінің қабілеті жетпей қалыс қалып жатса, енді біреуі алаңда алғаш доп тепсе де, талантымен жаттықтырушыларды таңғалдырды. Бәрін айт та, бірін айт "қой сойса да, қасапшы сойсын" демекші балалардың қарым-қабілеті жайында бапкерлер сөйлесін.  

Бірінші болып әлем "футбол фабрикаларының" бірегейі – нидерландық "Аякс"  академиясының жаттықтырушысы Патрик Ладру (Patrik Ladru) мен директоры Сандер де Годпен (Sander de Goede) тілдестік. Екеуі де халықаралық бағытта жұмыс жасайтын бапкерлер. Бізден басқа көптеген: Беларусь Республикасы, Литва, АҚШ (Канзас, Далас, Калифорния, Флорида штаттары) Жаңа Зеландия, бүкіл Скандинавия елдері, Норвегия, Финляндия, Швеция, Сауд Арабиясы, Мексика т.б. елдермен байланыс жасайтындарын мақтана айтты. Әңгіме балалар, футбол жайында болғандықтан, көп сұраққа Патрик мырза жауап берді. Бала кезден жаттықтырушы болуды армандаған "Аякстің" төл түлегі Уэслей Снэйдер, Найджел де Йонг, Рафаель Ван дер Варт секілді атақты футболшылар тәрбиелеп шығарған екен.

Осы секілді Йоханн Кройфтан бастап, Златан Ибрагимовичке дейін небір әйгілі аладопшыларды түлетіп шығарған, осы жылы да әлемнің нөмері бірінші академиясы болған "Аякс" футбол академиясының мықтылығының құпиясы неде?" деген сұрағымызға былайшы жауап берді: "Бұл құпияның сыры жалғыз "Аякс" академиясында ғана емес, оның тамыры тым тереңде, яғни құпия Нидерландия елімен тікелей байланысты. Сіздерге түсінікті болу үшін тарқата айтайын. Нидерландия елінің солтүстіктен оңтүстігіне дейін 250-300 шақырым, ал, батысынан шығысына дейін 150 шақырым, халқымыздың саны болса – 18 миллион. Енді өзіңіз бағамдай беріңіз, осындай ұлтарақтай-ақ жерде мұнша көп адамның бірге өмір сүруі бәсекеге қабілетті болуға үйретеді. Сондықтан да, барлық нәрсеге қай жағынан болса да, қатты қарайды. Тәртіпке бағына отыра, нәтижеге жұмыс жасайды. Біз – осындай жұмбақ елдің ұландарымыз".

Өз елі жайында мақтана сөйлеген Патрик мырза "Қазақ балаларының футболға деген қарым-қабілетін қалай бағалайсыз?" деген сұрағымызға: қазақ балалары өте қайратты. Балғын футболшылардың ойын үстінде шыдамдылығына, табандылығына қайран қалдым. Оларға тек қана дұрыс бағыт-бағдар беріп, жақсы оқытуымыз қажет. Сонда қазақ балалары жақсы нәтиже көрсететіне сенімдімін",- деді. 

Бұл сөзге іштей разы болған біз артынша мына сұрақтың жауабын білуге асықтық: Алда қазақ балаларының аладоп әдісін жақсы меңгерген уақытта, шеберлігін шыңдау үшін "Аякс" академиясының Амстердамдағы орталығына немесе басқа Еуропа елдеріне бара ала ма? Жаңадан бері үнсіз тыңдап тұрған бапкер, ойланбастан былай деді: "Бәрі де мүмкін... Дегенмен, Қазақстан Еуроодаққа кірмегендіктен, аздаған қиыншылықтар болуы мүмкін. Және қаражат жағы да оңай емес. Бірақ, біз шын таланттыларды жоғары бағалаймыз және қолымыздан келгенше қолдаймыз. Яғни, қазақтың қайраттты жігіті футбол соғысында  өзгелерден оқ бойы алда тұрса, оны неге алдыңғы шепке қоймасқа?! Жаңағы сөз басында "бәрі де мүмкін" дегенім де  осы еді".

Естеріңізге сала кетейік, балғын футболшылармен бірге 18 жаттықтырушы сынға түскен болатын. Соның бірі һәм бірегейі Сейдахметов Айдос мырзаны сөзге тартқан едік.  

Айдос мырза "Сұңқар" командасында (2003-2010 жылдар аралығында) ойнаған екен. Кейін аяқ жарақатына байланысты футболмен қош айтысуға тура келген. Дегенмен, жаттықтырушылары Айдостың қарым-қабілетін жоғары бағалап, онымен қош айтысқылары келмей, жаттықтырушы ретінде жұмысқа алып қалған екен. Төрт жыл бойы ұстаз нұсқауымен шәкірт тәрбиелеген жас жігіт 2014 жылы команда жабылып, жұмыссыз қалыпты. Алматыда халықаралық футбол академиясының ашылғанын және оның жаттықтырушыларды қабылдап жатқанын естіп, бағын сынауға бел буған. Ұстаздықты ұлы өнер деп санаған жаттықтырушы "2000-2006 аралығындағы балаларды қимылдары ширақ, қабілеттері де жақсы бұл балалардан болашақта мықты футболшылар шығаруға болады" деп ерекше атап өтті. 

Ал өздерінің іріктеулері жайында: "Осы уақытқа дейін бізді тек сырттай бақылады. Ойын барысында әр ойыншы туралы жеке пікірлерімізді біліп, біздің қалай бағалайтынымызға мән берді. Яғни, болашақ жаттықтырушы болғаннан кейін, шәкірттің икемділігін дарындылығына дәл баға бере аламыз ба, жоқ па деп. Ал негізгі тапсырмалар ертең болады. Ертең бізді ойнатады және тактикалық сұрақтар қояды. Сондай-ақ, компьютермен футболға қатысты тактикалық тест алады. Міне осылардың нәтижесін топтастыра келе шешім шығарады",- дейді.

Бүгін барлық жаттықтырушылардың жасыл алаңда өздері доп теуіп, компьютермен сұрақтарға жауап беріп, біліктіктерін барынша көрсетуге тырысып бағуда. Дегенмен, халықаралық футбол академиясына қанша жаттықтырушы жұмысқа қалып, қанша балғындар қабылданатыны әзірге белгісіз. Біз бұл жайында бапкер басшылардың қорытындысынан кейін алдағы аптада сіздерге міндетті түрде хабарлайтын боламыз.

Cұхбатымызды Айдос мырзаның сөзімен аяқтағымыз келіп тұр. "Бұл бастама қазақ футболына үлкен серпіліс беріп, бірер жылда ел сенімін ақтайтын белді футболшылар шығады деп сенемін. Қазақ футболы үшін жан-ұшырып жүрген осындай жандар әрдайым аман болсын".

Сурет: massaget.kz