Испанияда өтіп жатқан «Вуэльта» көпкүндік веложарысының он бесінші кезең қорытындысы бойынша, «Астана» командасының көшбасшысы Винченцо Нибали жалпы есепте көш бастап келеді.
«Вуэльта» көпкүндігінің он бесінші кезеңінде «FDJ» командасының велошабандозы Александр Женье жеңіске жетті. Француз спортшысы Андорра-ла-Велья мен Пейрагюд арасындағы 224 километр жолды 6 сағат 20 минут 12 секундта артта қалдырды. Екінші орынды «Lampre» спортшысы Микеле Скарпони иеленді. «Saxo» командасының үміткері Николя Роше мәре сызығын үшінші болып қиса, «Астана» командасының капитаны Винченцо Нибали төртінші орынға тұрақтады. Ол кезең жеңімпазынан 3 минут 20 секунд кешігіп жетті.
Кезең қорытындысында Винченцо Нибали жалпы есепте көш тізгінін сақтап, қызыл жейдесін өзінде қалдырды. Екінші орында — «RadioShack» өкілі америкалық Кристофер Хорнер, ал испандық Алехандро Вальверде («Movistar») — үшінші болып келеді. Бүгін байрақты бәсекенің он алтыншы кезеңі өтеді. Велошабандоздар Граус пен Формигаль арасындағы 147,7 километр жолды бағындыратын болады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: velolive.com