Испанияда өткен "Вуэльта" көпкүндігі де өз мәресіне жетті. Соңғы екі турда өз мүмкіндігін жіберіп алған "Астана" командасының капитаны Винченцо Нибали екінші орынды қанағат тұтты.
68 рет ұйымдастырылған "Вуэльта" көпкүндігінде америкалық Кристофер Хорнер (RadioShack) топ жарды. Ал "Астана" командасының капитаны италиялық Винченцо Нибали мен жарыс жеңімпазының арасын 37 секунд бөлді. Ал испандық Алехандро Вальверде (Movistar) қола жүлдені қанағат тұтты.
Кристофер Хорнер испандық "Вуэльта" көпкүндігінің тарихындағы ең жасы үлкен (41 жас 327 күн) велошабандоз атанды. Сонымен қатар осы байрақты бәсекені алғаш бағындырған америкалық спортшы болып отыр.
"Вуэльта" көпкүндігінің соңғы кезеңінде Orica-GreenEdge командасының өкілі Майкл Мэттьюс жеңімпаз атанды. Екінші орын Тайлер Фаррарға бұйырса, үшінші орын неміс Никлас Арндтқа бұйырды.
Естеріңізге сала кететін болсақ, "Вуэльта" көпкүндігі 24 тамыз күні басталған еді. Вильянуэве-де-Ароста басталған жарыс 15 қыркүйек күні Мадридте өз мәресіне жетті. ІІ кезеңнен бастап доданың "қызыл жейдесін" киген "Астана" командасының көшбасшысы Винченцо Нибали соңғы кезеңде жарыс тізгінін қолынан шығарып алды. Сонымен қатар елордалық команданың намысын қорғайтын италиялық велошабандоз халықаралық велоспорт одағының рейтингінде 3-ші орынға көтерілді. Көшбасшы болып ағылшындық Крис Фрум танылып отырса, екінші орында Хоаким Родригес келеді.
"Вуэльта" көпкүндігінің қорытындысы:
1. Кристофер Хорнер (АҚШ, RadioShack);
2. Винченцо Нибали (Италия, Astana) - 0,37;
3. Алехандро Вальверде (Испания, Movistar) - 1,36;
4. Хоаким Родригес (Испания, "Катюша") - 3,22;
5. Николас Роч (Ирландия, Saxo-Tinkoff) - 7,11;
6. Доменико Поццовиво (Италия, AG2R) - 8,00;
7. Тибо Пино (Франция, FDJ) - 8,41;
8. Самуэль Санчес (Испания, Euskaltel-Euskadi) - 9,51;
9. Леопольд Кениг (Чехия, Team NetApp-Endura) - 10,11;
10. Даниэль Морено (Испания, "Катюша") - 13,11.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай