ПСЖ футбол клубының шабуылшысы Неймар жарақатына байланысты Чемпиондар лигасындағы "Реалға" қарсы қарымта ойынға қатыспайды. Бұл туралы батыстық басылымдар хабарлады.
Бразилиялық футболшы жексенбі күні "Марсельге" қарсы ойында жарақат алған еді. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша футболшының табан буыны мен сіңірі созылған. Тобық сүйегіне де сызат түскен. 6-8 апта көлемінде жасыл алаңға шықпайды.
- ПСЖ клубы Неймардың алдағы біраз ойындарға қатыспайтынын біледі. Кем дегенде 6 апта емделеді, - деді футболшының әкесі.
Жарақатына байланысты Неймар "Реалға" қарсы қарымта ойынға да қатыса алмайды. Бұл ойын 6 наурыз күні Парижде өтеді. Бірінші ойында "корольдік клуб" 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.