Каталондық «Барселонаның» әйгілі бразилиялық шабуылшысы Неймар өз елінде өтетін Олимпиада ойындарына қатыспауы мүмкін. Бұл туралы UOL Esporte басылымы хабарлауда.
«Блауграна» бразилиялық футболшының Олимпиадаға қатысуына үзілді-кесілді қарсы болуда. Риодағы дода футболшыны жаңа маусым алдында шаршататынын алға тартуда. Ал Неймар болса Олимпиада чемпионы атануды армандайтынын осыған дейін айтқан болатын.
Айта кетейік, Олимпиада ойындарындағы футбол ережесіне сәйкес, құрама сапына 23 жастан асқан үш ойыншыны қосуға болады. Осыған орай Бразилия ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Дунга олимпиадалық құрамға «Барселонадан» Неймарды, «Интерден» қорғаушы Миранданы, қақпаға «Интернасионал» ойыншысы Алиссонды шақырған-ды.
Неймар Бразилия олимпиадалық құрамасымен 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. Финалға дейін жеткен бразилиялықтар шешуші ойында Мексика құрамасына есе жіберіп алған еді.