Париждің "ПСЖ" командасына ауысқан бразилиялық футболшы Неймар "Барселона" командасының басшылығын сынға алды. Бұл туралы marca басылымы хабарлады.
- "Барселонада" бүгінгідей басшылық болғаны өкінішті. Мұндай адамдар ұлы команданы басқаруға лайық емес. Мен "Барселонаға" келгенде бәрі жақсы көрінген, кейін өзгерді... Онда мен төрт жылымды өткіздім. Достарым қалды, - деді Неймар.
Осыған дейін футболшының әкесі клуб басшылығы қосымша сыйақы ретіндегі 26 миллион еуроны төлемегені жайлы айтқан болатын.
Дәл қазіргі таңда "Барселонаның" басына бұлт үйірілгендей. Батыстық басылымдар ақпараты бойынша, команда капитаны Андрес Иньеста да клубпен келісімшартын ұзартпай, өзге клубқа ауысу жайын қарастыра бастағанға ұқсайды. Ал Лионель Месси "Манчестер Ситиге" ауысуы мүмкін деген сыбыстар шығуда.
Клуб басшылығы Коутиньо мен Усман Дембелені сатып алуға ниет білдіргенмен, ойыншылардың ауысуына келісе алар емес.
"Барселона" Испания ла лигасын жеңіспен бастады. Түнде өз алаңында "Бетисті" 2:0 есебімен ұтты.