Каталондық «Барселона» кеше Польшаның «Лехия» командасымен жолдастық кездесу өтті. Испандық ұжымның жейдесін жақында ғана киген Неймар команда сапындағы алғашқы кездесуіне шықты.
Гданьск қаласында өткен қос ұжым арасындағы жолдастық кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Польшалық команданың сапынан Ярослав Бьенюк пен Петр Гжелчак көзге түссе, «Барселона» командасынан Серхио Роберто мен Лионель Месси бір-бір голдан еншілеріне жазды. Неймар кездесудің 78 минутында Алексис Санчестің орнына кірді.
«Менің арманым орындалды. Бірақ, маған әлі өз бабыма келу үшін аздап уақыт керек» - деді Неймар кездесу соңынан. Ол әлемнің үздік ойыншысы Мессимен бір команда сапында ойнайтынына бақытты екенін де жеткізді.
Естеріңізге сала кетер болсақ, Неймар 3 шілде күні каталондық команданың негізгі ойыншысы болып танылған болатын. 21 жасар футболшы командамен 5 жылға келісім-шартқа отырған-ды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sport-xl.net