Неймар 1 жылдан кейін алаңға оралды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Неймар 1 жылдан кейін алаңға оралды
Фото ©️ depositphotos.com/m.iacobucci.tiscali.it

Бразилиялық танымал футболшы Неймар араға 1 жыл салып барып алаңдағы ойынға шықты, - деп хабарлайды msports.kz сайты. 

БӨЛІСУ

Футболшы 2023 жылдың қазан айында тізесін жарақаттап, аяқ сіңірін үзіп алған еді. Жарақатынан емделу үшін 1 жыл уақыт кетті. 

Сауд Арабиясының "Әл-Хилал" командасы кеше Азия Чемпиондар лигасында "Әл-Айнмен" кездесті. Неймар 77-минутта Әл-Досариді алмастырып, алаңға шықты. Ол шыққанға дейін командасы 3:5 есебімен алда болды. Кейіннен алаң иелері пенальтиден бір гол соғып, қорытынды нәтижені тіркеді.  

Жарақатынан айығып шыққан Неймар алаңда нәтижелі әрекетімен көзге түсе алған жоқ. Футболшының физикалық жағдайын бақылау үшін Бразилиядан дәрігерлер де келді. Егер бәрін дұрыс санаса, футболшы Бразилия құрамасының қараша айындағы ойындарына шақырту алады.