Екі дүркін әлем чемпионы қазақстандық Назым Қызайбай әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа өтуі мүмкін, - деп хабарлайды Vesti.kz әйелдер арасындағы бокстан әлемдегі бірінші промоутерлік компанияның бас продюсері Сергей Завилейскиге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, ол Назыммен бұған дейін келіссөздер жүргізген. "Жақын арада мен Қазақстанға барамын. "Қазақстан Барысы-2016" турниріне қатысумен қатар, мен қазақстандық боксшы қыздарды біздің промоутерлік компанияға тарту үшін бірнеше кездесу өткізейін деп отырмын. Қазіргі уақытта мені Назым Қызайбай қызықтырып отыр, мен онымен алдын ала келіссөздер жүргіздім, ол қарсы болмады. Енді жақын арада біз келісімшарт жасасамыз", − деді Завилейский.
Еске салайық, осы жылдың мамыр айында Назым Қызайбай бокстан екі дүркін әлем чемпионы атанған болатын. Әлем чемпионатында Қызайбай қытайлық спортшы Ван Юяньмен кездесті. Бірінші раундта Назым қарсыласынан 10:9 есебімен басым түссе, қалған раундтарда да боксшы жеңіске жетіп, сайыс 3:0 есебімен қазақстандықтың пайдасына шешілді. Астанадағы бұл жеңіс Назым Қызайбай үшін үшінші болып отыр. Оның қоржынында бұған дейін бір қола (2012) және бір алтын (2014) медаль бар болатын.
Айта кетейік, турнирдің финалына Валентина Хальзова (69 келі салмаққа дейін) және Ләззат Күнгейбаева (81 келі салмақтан артық) да өткен болатын. Жайна Шекербекова (51 келі салмаққа дейін) мен Айжан Қожабековаға (57 келі салмаққа дейін) қола медаль бұйырды. Астанада өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем біріншілігінде жеңіске жеткендер 6-21 тамыз аралығында Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына қатыса алады
Дереккөз: tengrinews.kz