Ағылшынның "Манчестер Юнайтед" командасын маусым соңына дейін норвег Уле-Гуннар Сульшер жаттықтыратын болды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.
Манкуниандық клубты осыған дейін португалдық маман Жозе Моуринью жаттықтырып келген. Алайда "қызыл сойқандардың" маусымдағы сәтсіздігіне байланысты бапкер кеше қызметінен босатылған еді.
- Уле-Гуннар Сульшер 2018/2019 жылғы маусымның соңына дейін бас жаттықтырушы қызметін атқарады. Оның жаттықтырушылық құрамында Майк Фелан, Майкл Кэррик және Киран Маккен қызмет жасайды, - делінген клуб хабарламасында.
Уле-Гуннар Сульшер кезінде "Манчестер Юнайтед" сапында ойнаған танымал футболшы. 359 ойынға қатысып, 123 гол соққан. Команда сапында ойнағанда 12 бірдей чемпиондық атаққа қол жеткізген. Атап айтсақ, алты рет Англия премьер-лигасында жеңімпаз болған. Екі реттен Англия кубогы мен Суперкубогын жеңіп алған. Чемпиондар лигасы мен құрлықтық жарыста топ жарған.