Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен құрама капитаны Данияр Елеусінов Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (АИБА) таңдауымен 2014 жылдың үздік бапкері және жыл боксшысы атанды. Бұл атаққа жерлестеріміз екінші жыл қатарынан қол жеткізіп отыр. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақ боксшылары Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен ХVII Азия ойындарында жоғарғы нәтиже көрсетті. 6 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде бас бапкер Мырзағали Айтжановтың мерейін үстем еткені анық. Ұлттық құрама жаттықтырушысының жетістігін жоғары бағалаған АИБА екінші жыл қатарынан әлемдегі ең үздік бапкер ретінде танып отыр. Айта кетейік, өткен жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында былғары қолғап шеберлеріміз 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен үздік нәтиже көрсеткен болатын. Сол жетістік – Мырзағали Айтжановтың алғаш рет үздік бапкер атануына септігін тигізген еді.
69 келіде бақ сынайтын Данияр Елеусінов үшін де 2014 жыл сәтті өтті. Инчхондағы Азия ойындарында қарсыластарын қапы қалдырып, екінші рет жеңіс тұғырынан көрінді. Нәтижесінде АИБА Қазақстан құрамасының капитанын бұл атаққа лайықты деп таныды.
Мырзағали Айтжанов пен Данияр Елеусіновке АИБА-ның құрметті дипломы 24 қараша күні Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында табысталатын болады. Жерлестеріміздің жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз!
Сурет: chm2013.kfb.kz