Ертең Тараз қаласында қазақ күресінен «Еуразия барысы» халықаралық турнирі басталады. Жарыс алдында 2014 жылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы Мұхит Тұрсынов өз ойын білдірді.
- Жарысқа дайындығымыз жоғары деңгейде деп айта аламыз. Бастысы – намысты қолдан бермеу үшін барымызды саламыз. Қарсылас құрамалар да осал қарсыластар емес. Бағымыз бен бабымызды боз кілемде сынап көретін боламыз, - деді.
Айта кетейік, «Еуразия барысы» халықаралық турниріне 12 елдің балуандары қатысады. Әр құрамада бес балуаннан бар. Біздің құрамада Мұхиттан өзге 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров, қазақ күресінен Әлем және Азия чемпионы Абзал Арыстанбеков, дзюдодан Еуропа және Азияның қола жүлдегері Қайрат Ағыбаев және 2014 жылғы «Қазақстан барысында» төртінші орыннан көрінген Дәулетхан Жақыпов бар.
Сурет: nurotan.kz