Салмағын ауыстырған Мұхамедсабыр Базарбайұлы халықаралық турнирді жеңіспен бастады. Алайда кейін өз салмағына оралатынын жеткізді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Мұхамедсабыр Базарбайұлы Айбек Төлегеновпен кездесуде жеңіске жетті. Осылайша, Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде жарысты сәтті бастады.
Қазір спортшы жарысқа 67 келі салмақта қатысып жатыр. Бірақ кейін өз салмағына, яғни 63 келіге қайта оралатынын мәлімдеді. Ол бұл туралы Qazsport телеарнасына берген сұхбатында айтты.
"Бұл – Олимпиададан кейінгі алғашқы жарысым. Бірінші раундта рингте еркін сезіндім. Парижден соң көп демалдық. Қазір 67 келі салмақта жарысқа қатысып жатырмын, бірақ кейін өз салмағым – 63 келіге ораламын", – деді боксшы.
Еске салайық, Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған турнир Шымкентте өтіп жатыр. Жарыс 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында жалғасады. Халықаралық турнирге Қазақстан құрамасынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина спортшылары да қатысады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!