Модрич - 2018 жылдың ең үздік футболшысы!

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Модрич - 2018 жылдың ең үздік футболшысы!
Фото ©️ fifa.com

Халықаралық футбол қауымдастықтары Одағы (ФИФА) Лондонда жылдың үздік футболшыларын марапаттады. Ерлер арасында "The Best" сыйлығына хорват Лука Модрич ие болды.

БӨЛІСУ

Хорватия ұлттық құрамасы мен мадридтік "Реалдың" жартылай қорғаушысы бұл атаққа алғаш рет қол жеткізіп отыр. Ол шешуші кезеңде Криштиану Роналду (Ювентус) мен Мұхаммед Салахты (Ливерпуль) басып озды.

"France Football" журналы 2016 жылдан бастап Халықаралық футбол қауымдастықтары одағымен (ФИФА) келісімін үзген болатын. Нәтижесінде басылым "Алтын доп" иегерін өздері анықтаса, ФИФА "The best" сыйлығын табыстауды қолға алған еді. Биыл "The Best" сыйлығы үшінші рет табысталды.

ФИФА нұсқасы бойынша жылдың үздік футболшысы ұлттық құрамалар жаттықтырушылары мен капитандары, журналистер мен жанкүйерлердің дауыс беруі арқылы анықталды.

Айта кетейік, Лука Модрич 2018 жылы "Реалмен" бірге Чемпиондар лигасында топ жарды. Хорватия ұлттық құрамасымен әлем чемпионатының финалында бақ сынады. УЕФА таңдауы бойынша да жылдың үздік футболшысы атанды.

Әйелдер арасында "The Best" сыйлығына Марта ие болды. Ал Дидье Дешам жылдың үздік жаттықтырушысы атанды. Өзге де үздіктер марапатталды. 

Үздік қақпашы: Тибо Куртуа 
Әйелдер командасының үздік жаттықтырушысы: Рейнальд Педрос
Жылдың үздік жанкүйерлері: Перу ұлттық құрамасы фанаттары
Перенц Пушкаш сыйлығы иегері: Мұхаммед Салах 
Fair Play марапатының иегері: Леннарт Ти 
"FIFA 2018" үздік футболшылар құрамы: Давид Де Хеа ("Манчестер Юнайтед"); Серхио Рамос, Марсело, Рафаэль Варан (бәрі де – "Реал"), Дани Алвес (ПСЖ); Лука Модрич ("Реал"), Нголо Канте ("Челси"); Криштиану Роналду ("Ювентус"), Лионель Месси ("Барселона"), Эден Азар ("Челси"), Килиан Мбаппе (ПСЖ).