Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген онлайн брифингіде Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту бағытында министрлік атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мемлекет басшысы өз жолдауында бүгінгідей сындарлы кезеңде олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттаудың маңызды екенін айтқан еді.
Осы ретте мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында Мәдениет және спорт министрлігінің алдына халықтың, оның ішінде ең алдымен балалардың арасында дене шынықтыру жəне бұқаралық спортпен айналысушылар санын арттыру, спорт секцияларын ашу, балалар үйірмелерінің қызметін қалпына келтіру міндеті қойылды.
"Жолдауда Мемлекет басшысы қаржы тапшылығы кезінде кәсіби спорт клубтарын мемлекеттік бюджеті есебінен толық қамтамасыз етудің қажеті жоқтығын айтты. Сонымен қоса олардың кейбіріне ұлттық компаниялар немесе жеке меншік иелері қолдау көрсетеді.
Мысалы, 2019-2020 жылы еліміздің 17 өңірінде жергілікті бюджеттен бөлінген 252,6 миллиард теңгенің басым бөлігі футбол және хоккей клубтарына кеткен. Бірақ елеулі нәтижелерге жете алмай келеді.
Мəселен, 2019 жылы бөлінген 121,3 миллиард теңгенің 34,1 миллиард теңгесі (28,1%), 2020 жылы бөлінген 131,3 миллиард теңгенің 37 миллиард теңгесі (28,2%) футбол клубтарына берілген", - деді министр.
3 қазанда Мәдениет және спорт министрлігі барлық республикалық ойын федерациясымен (футбол, хоккей, гандбол, волейбол, баскетбол және т.б.) кеңес өткізді. Жиында жоғарыда аталған клубтардың қаражатын қайта бөлудің бірыңғай тәсілдері талқыланды. Клубтар спортшылардың жалақысына бюджетінің 50%-на дейін жұмсайтындықтан федерациядан бұл жайтты реттеу бойынша ұсыныстар келіп түсті. Қазір республикамыздағы 97 кəсіби спорт клубында 36 мыңнан астам адам жаттығады.
"Бүгінде Министрлік бюджет қаражатынан төлемдердің рұқсат етілген нормасын анықтайтын, спортшы, жаттықтырушы, және клуб жетекшісіне жалақы төлемдерін заңды деңгейде реттейтін Заң жобасына түзетулер енгізіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне қарауға жіберді. Бұл мәселе ҚР Мәжілісінің жұмыс тобының отырысында қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Ал дене шынықтыру және спорт ұжымдарында 5 033 546 адамды (ауылды жерде 2 141 116 адам) қамтитын 127 703 спорт секциясы (ауылды жерде 62 733) жұмыс істейді. Сонымен қатар республикада 477 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Оның ішінде 142-сі (29,9%) 357 065 бала мен жасөспірім шұғылданатын олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп.
Жалпы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдер саны 2019 жылы барлық оқушы санының 17,06%-ын құрады", - деді Ақтоты Райымқұлова.