Итальяндық бапкер Массимилиано Аллегри «Милан» клубының бас жаттықтырушысы қызметінен кетті, деп хабарланады команданың ресми сайтында.
Бос орынға бас бапкер қызметін уақытша атқарушы болып осыған дейін жаттықтырушының көмекшісі болып келген Мауро Тассотти тағайындалды. Айта кетейік, «Милан» өзінің соңғы өткізген ойынында сырт алаңда «Сассуоло» командасынан 3:4 есебімен ұтылып қалған болатын. Матч басында олар 2:0 есебімен алда болғанын да ескерте кетейік. Осылайша «А» сериясындағы жұлдызды клубтардың бірінен саналатын «Милан» осы маусымда сегізінші мәрте жеңіліске ұшырап, қазір турнир кестесінде 11 орынға жайғасты.
Естеріңізге сала кетсек, 46 жасар Аллегри «Миланға» 2010 жылдың жаз айында келіп, сол жылы командамен бірге ел біріншілігі мен Кубогын жеңіп алған еді. Ал 2012 жылдың қаңтарында ол клубпен арадағы келісім-шартты 2013/14 жылғы маусымына дейін ұзартты.
Ал кейбір ақпарат құралдары «Миланның» бас жаттықтырушысы болып Италия құрамасының бұрынғы футболшысы Филиппо Индзаги тағайындалады деген ақпарат таратып жатыр.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: eurosport.ru