Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан әлем чемпионатында қос қазақ балуаны Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамбетов Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.
Бүгін грек-рим күресінен олимпиадалық салмақ дәрежелері бойынша белдесулер өтуде. Осыған дейін 77 кило салмақта Асхат Ділмұхамбетов екі дүркін әлем, екі дүркін Олимпиада чемпионы Роман Власовты ұтып, ширек финалға шыққан. Одан кейін аса тартысты өткен 1/4 финалда отандасымыз серб балуаны Немештен басым түсті.
60 кило салмақта Мейрамбек Айнағұлов үш қарсыласын ұтып, жартылай финалға өтті. Ол алғашқы белдесуінде Бразилия құрамасында бақ сынап жүрген бұрынғы қазақстандық балуан Марат Гариповты жеңді. Одан кейін литвалық Юстас Петравичюсті 4:2 есебімен ұтты. Ширек финалда хорватиялық Иван Лизатовичті 10:0 есебімен таза жеңді.
Айта кетейік, грек-рим күресінің ережесі бойынша, лицензиялық әлем чемпионатында 1-ден 5-ші орынға дейінгі аралықта орналасқан балуандарға Олимпиада жолдамасы беріледі. Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамбетов жартылай финалға өту арқылы Олимпиада нормативін орындады.
Жартылай финалдық белдесулер бүгін кеште өтеді. Мейрамбек Айнағұловтың қарсыласы - ресейлік Сергей Емелин. Асхат Ділмұхамбетов мажар елінің балуаны Тамаш Леринцпен белдеседі.
Қазақтың қос балуанына сәттілік пен жеңіс тілейміз!