Бүгін 2011-12 жылғы Испания біріншілігінің үздік ойыншыларының тізімі белгілі болды. Бұл туралы Marca басылымы хабарлайды.
«Барселонаның» шабуылшысы Лионель Месси Испания премьер-лигасының үздік ойыншысы атанды. Сонымен қатар аргентиналық аяқдопшы 2011-12 жылғы маусымның үздік шабуылшысы деп танылды. Айта кетейік, Лео Месси былтырғы маусымда 50 мәрте қанжығасын майлаған болатын.
Ал 2011-12 жылдың үздің бапкер атағы «Барселонаның» жетегін ұстаған Хосеп Гвардиолаға бұйырды.
Үздік қақпашы және үздік қорғаушы атағы мадридтік «Реал» командасының ойыншылары Икер Касильяс пен Серхио Рамостың еншісінде кетті.
Үздік тіреуіш жартылай қорғаушы номинациясында «Реалдық» Хави Алонсоға тең келер ешкім болмаса, үздік жартылай қорғаушы атағын «Барселона» ойыншысы Андрес Иньеста өзімен алып кетті.
«Малага» командасының ойыншысы Иско Суарес «Талантты ойыншы» номинациясында топ жарып шықты.
Айта кетейік, жыл сайын Испания біріншілігінің үздіктері ойыншылардың дауыс беруі арқылы анықталады.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: sovsport.ru