Футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалының бірінші ойынында каталондық «Барселона» өз алаңында мюнхендік «Баварияны» ойсырата жеңді. Нәтижесінде дүбірлі доданың финалына бір қадам жақындай түсті.
«Камп Ноу» стадионында өткен кездесуде алаң иелері қонақтарға айтарлықтай басымдық көрсетті. «Бавария» ойыншылары бірінші таймда сәтті қорғана білгенмен, кездесудің соңына қарай өз ойынын жоғалтып алды. Екінші таймды да тәуір бастаған мюнхендік клуб ірі есеппен ұтыларын ойламаса керек-ті. Каталондық клубтың аргентиналық сұрмергені Лионель Месси 77 минутта бірінші голды қарсылас қақпасында тулатты. Араға 3 минут сала Месси дубль авторы атанып, Чемпиондар лигасындағы үздік сұрмерген (77 гол) ретінде Роналдуды (76 гол) басып озды. Сонымен қатар, додадағы 100-ші ойынын өткізді. Кездесудегі соңғы голды қосымша уақытта Неймар соқты.
Қос клуб арасындағы қарымта кездесу 12 мамыр күні Мюнхенде өтеді.