Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) аргентиналық сұрмерген Лионель Мессидің ұлттық құрама сапында 4 ойынға қатыспауы туралы шешім шығарды. Нәтижесінде түнде өткен Боливия мен Аргентина құрамалары арасындағы ойынға футболшы қатысқан жоқ.
2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында өткен ойында аргентиналықтар аутсайдер Боливия құрамасына есе жіберіп алды. Ла-Пас қаласында өткен ойында алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы голдарды Хуан Арсе (31 минут) мен Марсело Морено (52 минут) соқты.
Аргентина футбол қауымдастығы ФИФА шешіміне наразы. Лионель Мессидің әлі 3 ойынға қатыспауы – құраманы әлем чемпионатына берілетін жолдамадан қағуы да ғажап емес. Сондықтан да ел футболының басшылығы ойыншының жазасын жеңілдетуін өтінбек.
Оңтүстік Америка құрлығындағы іріктеу кезеңіндегі 14 турдың қорытындысы бойынша Аргентина құрамасы 22 ұпаймен 5-орында келеді.
Өзге ойындар қорытындысы:
Чили – Венесуэла – 3:1 (3:0)
Голдар: Санчес 6, Паредес 7, 22 – Рондон 63
Пенальти соға алмады: Санчес 77.
Бразилия – Парагвай – 3:0 (1:0)
Голдар: Коутиньо 34, Неймар 64, Марсело 86.
Пенальти соға алмады: Неймар 53 (қақпашы).
Перу – Уругвай– 2:1 (1:1)
Голдар: Герреро 34, Флорес 62 - Санчес 30