Аргентина ұлттық құрамасының шабуылшысы Лионель Месси 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының ресми добын таныстырды. Допты "Adidas" фирмасы жасаған.
Әр әлем чемпиноты өзіндік ерекшелігімен есте қалады. Ұйымдастырылуы, стадиондар мен ерекше мерекелік қойылымдар, тартысты ойындар мен тамаша соғылған голдар жанкүйер жадынан оңай ұмытылмайды. Ал жарыстың басты символының бірі доп екені жасырын емес. Футбол жанкүйеріне "мынау қай әлем чемпионатының добы" десеңіз жаңылуы екіталай. "+Teamgeist", "Jabulani" мен "Brazuca"-ны жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Ал 2018 жылғы әлем чемпионатының добы қандай болмақ?
Ресейдегі доданың добына "Telstar 18" деген атау берілді. Ерекше үлгідегі доп алты панель мен жапсарсыз үйлесім негізінде жасалған. 1970 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатының добы да "Telstar" деп аталған екен.
Доптың тестілеу сынақтарына Аргентина, Колумбия және Мексика құрамалары мен "Манчестер Юнайтед", "Ювентус", "Реал" және "Аякс" клубтарының ойыншылары қатысқан.
- Доп пен оның түсі маған ұнады. Бұл допты алғашқылардың бірі болып тексеріп те көрдім. Жақсы доп, - деді Месси.
2018 жылы Ресейде өтетін доп додасын асыға күтіп жүрген жандар жетерлік. Бүгінде әлем чемпионатына жолдама алып үлгерген 23 құрама белгілі.
Атап айтар болсақ, Ресей, Бельгия, Англия, Германия, Испания, Исландия, Польша, Сербия, Франция, Португалия, Бразилия, Уругвай, Аргентина, Колумбия, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Сауд Арабиясы, Коста-Рика, Мексика, Панама, Мысыр және Нигерия құрамалары жолдама алып үлгерген болатын.
Исландия мен Панама құрамалары алғаш рет әлем чемпионатына қатысқалы отыр.
Еске салайық, Ресейдегі әлем чемпионаты келер жылдың 14 маусымы мен 15 шілдесі аралығында өтеді.