Бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионатында 64 келі салмақ дәрежесіндегі Мерей Ақшалов ширек финалға жолдама алды. Ол Доминикан Республикасының былғары қолғап шебері Карлос Адаместен басым түсті.
Алғашқы раундта Мерей Ақшалов қарсыласынан басым екенін бірден-ақ байқатты. Бірінші нөмірмен жұдырық түйістіруді жөн санаған 64 келідегі былғары қолғап шебері өз соққыларын Карлос Адамеске дарыта білді. Алайда Доминикан боксшысы да өз кезегінде қарап қалмады. Мерейдің қателігін сәтінде бағамдады. Тек қорғаныста жүріп шабуылдауды ғана ұстанды. Бұл жерлесіміздің көзге түсуіне керемет мүмкіндік сыйлады. Сонымен енді Мерей Ақшаловтың ширек финалдағы қарсыласы – қырғыз Ермек Сәкенов. Ол жаңа ғана тәжік боксшысы Шахвадтжон Рахимовты жеңді.
Естеріңізге сала кететін болсақ, осыған дейін үш боксшымыз ширек финалға шыққан болатын. Атап айтсақ 49 келіде Біржан Жақыпов, 56 келіде Қайрат Ералиев және 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы қарсыластарына мықтылығын мойындатқан-ды. Санаулы минуттардан кейін 91 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Антон Пинчук өзбек Рустам Тулагановпен рингке көтеріледі.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz