Бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионатында 64 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Мерей Ақшалов жартылай финалда Әлем чемпионы бразилиялық Эвертон Лопестен басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды.
Алғашқы раунд қос қарсыластың бір-бірін аңдуымен басталды. Мерейдің басты қарсыласы саналатын бразилиялық былғары қолғап шебері оңай шағылар жаңғақ емес екенін бірден байқатты. Екінші раундта Мерейді бірнеше рет қыспаққа алып, соққыларын дарыта да білді. Өз кезегінде жерлесіміз де аянып қалмады. Үшінші раунд толығымен Мерейдің басымдығымен өтті десек болады. Өйткені Эвертон Лопес соңғы минуттарда шаршап қалғанын анық байқатты. Енді Мерей Ақшаловтың ақтық сындағы қарсыласы - кубалық Яснер Лопес.
Естеріңізге сала кететін болсақ, осыған дейін 49 келіде Біржан Жақыпов пен 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы ақтық сынға жолдама алған болатын. Ал Қайрат Ералиев қола жүлдені қанағат тұтқан-ды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz