Мавритания жерінде ралли-марафонның тоғызыншы кезеңі аяқталды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Мавритания жерінде ралли-марафонның тоғызыншы кезеңі аяқталды

Мавритания жерінде 309 шақырымға созылған (оның 289 шақырымы тегіс жол) Africa Eco Race-2014 ралли-марафонының тоғызыншы кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Hummer H3 Evo көлігімен сынға түсіп жатқан қазақстандық Mobilex Racing Team командасының өкілдері Қанат Шагиров пен Александр Мороз бұл аралықты 5 сағат, 40 минут және 16 секундта басып өтіп, 16 орыннан көрінді. Ал Юрий Морозов пен Арслан Сахимов олардан тоғыз секундқа кешігіп, 17 болып келді.   

Ал тоғызыншы кезеңнің жеңімпазы болып өзі құрастырған көлікті басқарған француз  Ив және Жан Фромонт танылды. Олар мәреге 3 сағат, 21 минут және 12 секунд уақытымен жетті. Екінші орын бельгиялық Стефан Хенрардқа тиді. Ол жеңімпазға 2 минут және 26 секудқа ұтылып қалды. Ал мәреге үшінші болып жалпы есепте топ бастап келе жатқан француз Жан-Луи Шлессер мен Тьери Магнальди (+2:41) келді.

Осы кезеңнен кейін топ басындағы Шлессер мен Магнальди екінші орындағы құрамында Жак Луманс пен Фриц Дрисманс бар бельгиялық экипаждан 1 сағат, 27 минут және 34 секунд алда келеді. Үшінші орынға Хенрард көтерілді (+2:42:38). Шагиров пен Мороз 13 орынға тұрақтаса, Сазонов мен Сахимов 16 орында.

Ертең, 10 қаңтар күні ралли-марафон өзінің 10 кезеңін бастайды. Айта кетейік бұл соңғы кезеңнің алдындағы сын. Ол жерде спортшылар 494 шақырымды бағындырмақ (оның 202 шақырымы күрделі жолдар қатарында).

Айта кетейік, Africa Еco Race – атақты классикалық Дакар жолымен өтетін халықаралық ралли-марафон саналады. Биылғы жылы жарыс үш мемлекеттің (Марокко, Мавритания және Сенегал) аумағында өтетін болады. Ралли 2013 жылдың 29 желтоқсанында Францияның Сен-Сиприенінде жалауын көтерген болатын. Ал жарыс 2014 жылдың 11 қаңтарында Дакардағы Қызғылт көл маңайында мәреге жетеді. Қатысушылар осы аралықта 5580 шақырымды (оның 2997 шақырымы 11 кеңеңге бөлінген арнайы жолдар) басып өтулері тиіс.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: lada.kz