Португалдық «Бенфика» мен Сербия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Неманья Матич лондондық «Челси» сапын толықтырды. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлап отыр.
Футболшы осыған дейін «ақсүйектер» қатарында 2009-2011 жылдары өнер көрсеткен болатын. Дегенмен 2 жылда 2 рет қана ресми кездесуге алаңға шыққан. Кейіннен «Виттеске» жалға беріліп, одан соң аянбай тер төккен ойыншы лиссабондық команданың негізгі құрамынан бір-ақ табылды. Ол «Бенфика» сапында 97 кездесу өткізіп, 9 допты қарсылас қақпасына тоғытты.
25 жастағы жартылай қорғаушы мен Жозе Моуринью ұжымы 5,5 жылдық келісімшартқа отырды. Трансферлік құны 25 миллион еуроны құрады.
Естеріңізге сала кетсек, Неманья Матич 2013 жылы үздік голға берілетін «Пушкаш сыйлығына» үміткерлердің үштігіне енген болатын. Жақында ғана аяқталған бұл сында Златан Ибрагимовичтің голы үздік болып танылған-ды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: chelseafc.com