Мәскеуде 10-тамыз күні жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты басталады. Еліміздің атынан сынға түсетін, халықаралық дәрежедегі турнирлерде жолдама алған 17 спортшының есімдері белгілі болды.
Мәскеу төріне жеңіл атлетикадан аттанатын ұлттық құраманың сапында 7 ер, 10 әйел еліміздің атынан бақ сынасады. Ерлер құрамында - Георгий Шейко және Виталий Аничкин (спорттық жүріс), Михаил Красилов (марафон), Роман Валиев (үш қарғып секіру), Никита Филиппов (сырықпен секіру), Константин Сафронов (ұзындыққа секіру) және Дмитрий Карпов (онсайыс), ал әйелдер құрамында - Ольга Сафронова, Виктория Зябкина, Маргарита Мукашева (жүгіру), Галина Кичигина, Айман және Шолпан Қожахметова (спорттық жүріс), Анастасия Сопрунова (кедергілерді секіріп өту), Марина Аитова (биіктікке секіру), Ирина Карпова (жетісайыс), Ирина Эктова (үш қарғып секіру) өнер көрсетеді.
Ұлттық құрама ерлер арасында онсайыстан Афины олимпиадасының жүлдегері Дмитрий Карповқа үлкен сенім артуда. Онсайысшы бір ай бұрын Азия чемпионы атанған болатын. Әйелдер арасында жүгіруден Қазанда өткен Универсиаданың жеңімпазы Маргарита Мұқашевадан жаттықтырушылар биіктен көрінеді деп үміт күтуде. Сонымен қатар Марина Аитова мен Никита Филлипповтар да соңғы жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді.
Жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың көшбасшысы Лондон олимпиадасының жеңімпазы Ольга Рыпакова бұл додаға қатыспайды. Жақында ғана дүниеге ұл әкелген спортшы қазір демалыста. Енді Мәскеудегі әлем чемпионатында Ольганың орнына Ирина Эктова жарыс жолына шығады.
Естеріңізге сала кетер болсақ, жеңіл атлетикадан Мәскеуде болатын әлем чемпионаты 10-18 тамыз аралығында өтеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
сурет:www.ksu.kz